Accessibility links

Олланд Обама және Путинмен Украина жайлы сөйлескен


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Франция президенті Франсуа Олланд. Париж, 5 маусым 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Франция президенті Франсуа Олланд. Париж, 5 маусым 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Франция президенті Франсуа Олландтың 5 маусымда кешке Париждегі Елисей сарайында кездескені хабарланды. Агенттіктердің хабарлауынша, бір жарым сағатқа созылған кездесуде келіссөздердің басты тақырыбы Украинадағы дағдарысты реттеу болған.

Олландтың Путинмен кездесуінен соң ешқандай мәлімдеме жасалмады.

Bloomberg агенттігі Олланд 5 маусымда Путиннен бұрын әуелі АҚШ президенті Барак Обамамен де кездескенін айтады. Ол кездесуде де Украина жайы сөз болған.

Кездесу барысында Барак Обама Ресейдің Франциядан "Мистраль" тікұшақ тасығыш кемесін сатып алуына байланысты алаңдаушылығын білдірген. АҚШ президенті бұл қару-жарақ саудасын "Ресейді Украинадағы әрекеті үшін марапаттау болып саналады" дейді.

Олланд пен Обама бұған қоса екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Нормандияға одақтастар әскерінің түсірілуіне 70 жыл толуына байланысты шараларда Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті реттеуде қалай пайдалану керегін талқылаған.

Ресейдің Украинаға байланысты саясатын экономикасы қуатты жеті ел - "Үлкен жетілік" (АҚШ, Жапония, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция және Италия ) Брюссельде 4 маусым күні өткен жиында да талқылаған. "Үлкен жетілік" жиыннан соң Шығыс Украинадағы тәртіпсіздік бақылауға алынбаса, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге даяр екендерін айтып, бірлескен мәлімдеме қабылдады.

"Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын қабылдай алмаймыз. Украинаның шығысында жағдайды тұрақсыздандыру іс-әрекеті тоқтатылуы тиіс. Бұл әрекеттер халықаралық құқықтың негізгі принциптерін бұзады және ол барлық елдерді алаңдатуы тиіс. Ресей Украинаның ішкі ісіне араласқан тұста біз украин халқы мен үкіметін қолдаймыз" делінген құжатта.

Жеті ел басшылары бұған қоса Ресейді Украинадағы президент сайлауының нәтижелерін мойындауға, Украинамен шекарасынан әскерін әкетуге, бұл елге бүлікшілер мен қару-жарақ жөнелтуді тоқтатуға шақырған.
XS
SM
MD
LG