Accessibility links

CNPC «Газпромға» 25 миллиард долларды алдын-ала төлейді


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), "Газпром" басшысы Алексей Миллер (ортада) және CNPC президенті Чжоу Цзипин келісім-шартқа қол қою кезінде. Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), "Газпром" басшысы Алексей Миллер (ортада) және CNPC президенті Чжоу Цзипин келісім-шартқа қол қою кезінде. Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.
Ресейдің «Газпром» мұнай-газ компаниясы Қытайдың China National Petroleum Corporation (CNPC) ұлттық мұнай-газ компаниясынан 25 миллиард АҚШ доллары көлемінде алдын-ала төлем ақшасын алатын болды.

«Газпром» басқарма төрағасының орынбасары Александр Медведевтің айтуынша, бұл ақша жобалық құны 55 миллиард АҚШ долларына бағаланып отырған "Сила Сибири" газ құбырын қаржыландыруға жұмсалады.

Бұған дейін Ресей мен Қытай арасында Қытайға 30 жыл бойы жылына 38 миллиард текше метр газ жөнелту туралы келісім жасалған еді. Газ Шығыс Сібірден Қытайға "Сила Сибири" құбыры арқылы тасымалданады. "Газпром" басшысының айтуынша, ресей газының мың текше метрі 350 АҚШ долларынан қымбат бағаға сатылады.

Брукингс институтының Ресей экономикасын зерттеуші маманы Клиффорд Гэдди бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында «бұл бағада тұрған ештеңе жоқ» екенін айтқан. Оның сөзінше, «келісім-шарттың бұдан маңыздырақ аспектілері көп».

«Бұл жерде газ бағасының несиенің пайыздық мөлшерлемесі не жалпы мөлшері, болмаса алдын ала төлем мөлшері сияқты аса маңызы жоқ. Мұндай орасан зор келісім-шартқа келгенде, барлық аспектілерімен қоса алып қарастыруымыз керек» дейді Клиффорд Гэдди. Сарапшының айтуынша, «Келісім-шартты әр тарап өзіне ұтымды етіп көрсетуге тырысып жатыр. Әрине, ресейліктер ұтылғандай болып көрінгісі келмейді».

Бұл келісім-шарттың Еуропа мен Украинаға берілетін газға тікелей әсері жоқ. Бірақ теориялық тұрғыдан қарастырса, келісім Батыс Еуропаға сатылатын газ бағасына әсер етуі, тіпті Ресейдің газын басқа да нарықта сата алатынын көрсеткісі келуі мүмкін.

«Газпром», мәселен, газ экспортын Азияға бағыттау арқылы еуропалықтармен келіссөздердегі позициясын күшейте алады. Бұл – кімнің кімге тәуелді екенін көрсету мен саудаласқан кезде басым түсудің қамы. Біз жоспарларға, кейде тіпті келісім-шарттарға сүйеніп құрылатын сценарийлер мен рыноктардың, қауіпсіздік саясатының жылдар өте өзгеріп жататынын ескеруіміз керек» дейді Клиффорд Гэдди.

Өзге бір сарапшы бұл жерде қандай да бір саяси астар бар дегенді жоққа шығарады. Себебі Ресей - барланған газ қоры бойынша әлемдегі ең бай мемлекет. Гарвард университетінің Ресейді зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Маршалл Голдман: «Бұл келісім-шарт әлденеге әсер етеді деп ойламаймын. Ресей газының көптігі соншалық, олар оны кез келген елге сата алады» дейді.

«Газпром» төрағасы Алексей Миллер Қытай мен Ресей арасындағы бұл келісім-шарттың жалпы құны 400 миллиард доллар екенін айтқан. Ресей президенті Владимир Путиннің сөзіне қарағанда, Ресей осы келісімді іске асыру үшін әуелі 55 миллиард доллар инвестиция құяды, Қытай бұл жобаға кемінде 20 миллиард доллар қаражат салуды жоспарлаған.

Владимир Путин «баға екі жаққа да тиімді» деген. Оның айтуынша, «Батыс елдерімен жасасқан халықаралық келісім-шарттардағыдай бұл жолғы баға да газ және газ отынының құнына байланысты анықталған».

Келісім-шарт бойынша Ресей газы Қытайға 2018 жылдан бастап беріледі. Алайда екі тараптың бірі әлденеге наразылық танытса, бұл мерзім ары жылжуы мүмкін.

«Газпромның» баспасөз хабарламасына қарағанда, Қытайға газ алдымен Шығыс Сібірдегі екі кен орнынан (Ковыкта және Чаянда) жеткізіледі. Олар әзірге экспорт құбырларына қосылмаған. Ал Ресейден Украина арқылы Батыс Еуропаға жеткізілетін газдың көп мөлшері Батыс Сібірдегі кен орындарында өндіріледі.
XS
SM
MD
LG