Accessibility links

Обама иммиграция дағдарысын шешуге шақырды


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама 9 шілдеде конгрессті өзінің Мексикамен шекарада қалыптасқан иммиграциялық дағдарысты шешу үшін үш жарым миллиард АҚШ долларын бөлу туралы сұранысын тезірек мақұлдауға шақырды. Обама бұл жайында Техас штатына барып, штат губернаторымен кездескен соң мәлімдеді.

Техас - заңсыз мигранттар көп баратын Мексикамен шектесетін штаттардың бірі. АҚШ-қа Орталық Америка елдерінен заңсыз мигранттар осы Мескика арқылы өтеді.

Барак Обаманың айтуынша, сұрап отырған үш жарым миллиардтың жартысына жуығы шекараны нығайтуға, қалғаны АҚШ-қа келіп қойған мигранттардың мұқтаждығын өтеуге және оларды уақытша баспанамен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. Шамамен 300 миллион АҚШ доллары мемлекеттік департаментке Орталық Америка елдерімен жұмыс істеуге жұмсалады.

Өткен жылдың қазан айынан бастап АҚШ-тың Мексикамен шекарасын Гватемала, Гондурас пен Сальвадордан шыққан 57 мыңға таяу адам заңсыз кесіп өткен. Мигранттардың көпшілігі - кедейлік пен қылмыстан ба сауғалап, өз елдерін тастап шыққан кәмелетке толмағандар. Оларды АҚШ-қа көбінесе ата-аналары мұнда тұрақты тұруға рұқсат беріледі деген сеніммен өздері жібереді.

Техаста сөйлеген Обама АҚШ-та мигранттарға тұрақты тұруға рұқсат берілмейтінін айтып, ата-аналарға балаларын жібермеуді ескертті.

XS
SM
MD
LG