АҚШ барлаушылар қауымдастығы "Малайзияның Boeing-777 ұшағын белгісіз біреулер зымыранмен атқанын" хабарлаған.
Қауымдастық "Зымыранды нақты кім атқанын айту қиын. Оны анықтау үшін біраз уақыт керек" деген. Мұны есімін жариялаудан бас тартқан АҚШ үкіметі сарапшыларының бірі Washington Post газетіне мәлімдеген.
Сарапшының айтуынша, "АҚШ зымыранды кім атқанын анықтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды". Бұған дейін америкалық сарапшылар 10 мың метр биіктікте ұшып бара жатқан ұшақты тек «Бук» немесе С-300 зымыран кешенімен атып құлатуға болатынын мәлімдеген еді. Мұндай ракеталар Ресейде де, Украинада да бар.
АҚШ президенті Барак Обама Делавар штатында сөйлеген сөзінде "АҚШ-тың ұшақ апатының себептерін анықтауға қажетті көмектің бәрін көрсетуге дайын екенін" мәлімдеді.
Обама «Өте ауыр қайғы. Бұл жағдайға қатысты АҚШ президенті жанындағы өкілдер Украина үкіметімен сөйлесіп жатыр» деп мәлімдеді.