Accessibility links

15 «экстремистік» интернет-ресурсқа шектеу қойылған


Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев.
Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев.

18 шілде күні Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев 15 "экстремистік" интернет-ресурсқа "шектеу қойылғанын" мәлімдеді.

Астанада өткен Қазақстан бас прокуратурасының жарты жылдық жұмысын қорытындылау жиынында Асхат Дауылбаев «діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы тұру бойынша жұмыстар жандандырылды. 2014 жылдың бірінші жарты жылдығында прокурорлар арыздары бойынша соттар 15 интернет-ресурстың өнімдерін заңсыз деп таныды» деді.

Бұған қоса, прокурорлардың 175 ақпараттық материалды "мазмұны - экстремистік" деп тану туралы арыздарын сот қанағаттандырған. Бас прокурордың айтуынша, «сот заңсыз деп тапқан өнімдерді Қазақстан аумағында таратуға шектеу қойылған». Прокуратура таратқан мәлімдемеде шектеу қойылған материалдар мен ресурстар аталмайды.

Қазақстанда ресми органдардың "экстремизммен күрес" туралы мәлімдемелері бұлынғыр күйде жарияланады. Алматыдағы Хельсинки комитетінің жетекшісі Нинель Фокина «Жабылған сайттардың тізімі, жабылу себептерімен қоса жарияланып тұруы керек. Егжей-тегжейлі ештеңе айтпайды, құр «жаптық» дей салады. Тыйым салынған әдебиеттердің тізімі қайда?» деп, мұндай практикаға наразылығын айтқан еді.

Қазақстанда «экстремизм» ұғымының кеңейтілуі мен оны пайдаланып сөз бостандығын шектеу, биліктің саяси оппоненттеріне қысым жасауы жергілікті белсенділер мен халықаралық ұйымдарды алаңдатып отыр.

Қазақстанда соңғы жылдары «ұлттық, рулық, нәсілдік, діни және әлеуметтік араздық туғызу», «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының ар-намысына тию», «депутаттардың ар-ожданын қорлау», «билік өкілін тілдеу», «елдің конституциялық құрылысын күштеп құлату» секілді баптар да «экстремистік әрекет» саналатын болды.

2012 жылы желтоқсан айында прокуратураның «экстремистік басылымдар» деген айыбы бойынша, «Голос Республики – калейдоскоп событий недели», «Республика. Деловое обозрение – дубль 2», «Моя Республика. Факты, события, люди», «Республика – информационно-аналитический еженедельник» және басқа ақпарат құралдары (23 интернет-ресурс) жабылған еді.

XS
SM
MD
LG