Велоспорттан әйгілі "Тур де Франс" көпкүндік жарысында биыл қазақстандық "Астана" командасының капитаны, италиялық Винченцо Нибали чемпион атанды.
Жексенбі күні өткен жарыстың соңғы кезеңінде неміс велоспортшысы Марсель Киттель бірінші болып келді. Киттель Париждегі Елисей алаңында аяқталған мәреге бірінші болып жеткенімен, жарыстың төрт кезеңінде көш бастап жалпы есепте бірінші орынға шыққан Нибалиден басым түсе алмады.
Жалпы есеп бойынша екінші орынды француз спортшысы Жан-Кристоф Перо иеленді. Ол Нибалиден 7 минут 52 секундқа қалып қойды. Француздық тағы бір спортшы Тибаль Пино жарысты үшінші болып аяқтады.
Италиялық спортшы соңғы рет "Тур де Франс" жарысында осыдан 16 жыл бұрын чемпион болған.