Бүгін АҚШ сенатының мақұлдауына АҚШ-тың Еуропа, Азия және Африканың бірнеше мемлекетіне тағайындалатын елшілерінің кандидатуралары ұсынылады. Сенаттың халықаралық істер комитетінің хабарлауынша, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болып Джордж Крол тағайындалуы мүмкін.
58 жастағы Крол АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі қызметін атқарады. Бұған дейін ол Беларусьте елші, АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша орынбасары болған.
АҚШ-тың Қазақстандағы бұған дейінгі елшісі Кеннет Фэйрфакстің өкілеті 2013 жылдың қыркүйегінде аяқталған. Қазір Қазақстандағы уақытша сенімді уәкіл міндетін Джон Ордвей атқарады.
Сенат бүгін бұған қоса АҚШ-тың Түркіменстан, Молдова, Франция, Түркия, Гватемала, Руандадағы елшілерінің кандидатураларын қарастырмақ. Бұған дейін АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі қызметіне Памел Спратленнің кандидатурасы ұсынылғаны хабарланған.