Қытай ресми баспасөз құралы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Шаче уезінде 29 шілде күні бір топ қарулы адамның билік мекемелеріне шабуыл жасағаны туралы хабарлады.
Xinhua агенттігінің дерегінше, пышақпен қаруланған белгісіз топ полиция бөлімшесі мен әкімшілік мекемесіне шабуылдап, ондаған бейбіт тұрғын қаза тапқан. Құрбан болғандар - этникалық ұйғырлар мен қытайлар.
Бірақ Мюнхенде орналасқан дүниежүзілік ұйғыр конгресінің өкілі басқадай ақпарат таратты. Конгресстің хабарлауынша, Шыңжаңда демонстранттар мен полиция қақтығысқан, 20 ұйғыр мен 13 полицей қаза тауып, 10 адам жараланған, 67 адам тұтқындалған. Конгресс өкілінің дерегіне қарағанда, ұйғырлар Қытай билігінің қудалауына қарсылық білдірген.
Шыңжаңда мұсылман ұйғырлар көп жылдан бері Қытай билігі өздерін "кемсітіп, қысым жасайды" деп наразылық танытып келеді.
Аймақтағы кез-келген зорлық-зомбылықты ресми Пекин тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды көздейтін "ұйғыр содырлары" мен "сепаратистеріне" жабады.