АҚШ-тың әскери жойғыш ұшақтары Ирактың солтүстік-батысындағы исламшыл радикалдардың төрт бақылау-өткізу бекетіне соққы берді. АҚШ әскерилері дүйсенбі күні хабарлағанындай, әуе шабуылынан Синджар қаласы маңындағы "Ислам мемлекеті" (ИМ) ұйымы содырларының бекеттері мен көліктері қираған немесе бүлінген.
Исламшыл содырлар маусым айында Ирактың солтүстік және батыс аймақтарын басып алып, ол жерде "ислам мемлекетін" жариялаған.
АҚШ президенті Барак Обама өткен аптада АҚШ-тың аймақтағы мүддесі мен америкалық азаматтарды және содырлар жасаған қырғыннан бас сауғалаған ирактықтарды қорғау үшін "шектеулі әуе соққыларын жасауға" бұйрық берген. Америкалық пилотсыз ұшақтар соққыны негізінен содырлардың позициясына жасайды.