Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттері армияларының бас штабтарының басшылары бірлескен антитеррорлық операцияларды жақсартуға келісті. Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан армиясы бас штабының басшылары 28 тамызда Пекинде кездескен.
Жиында Ресей әскерінің басшысы Валерий Герасимов терроризм, сепаратизм, экстремизм және есірткі тасымалы ортақ қауіпсіздікке "үлкен қауіп төндіріп тұр" деді. Қытай әскерінің басшысы Фан Фэнхуй Ауғанстанға қатысты жағдай "күрделеніп бара жатқанын" және "террористер Орталық Азияға қарай жедел ене бастағанын" айтты.
Алты елдің армия бас штабының басшылары бүгін Қытайда өтіп жатқан антитеррористік әскери жаттығулардың соңғы кезеңін бақылауға қатысады. Алты күнге созылған жаттығуға Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан барлығы жеті мыңға тарта әскери қызметкер мен сарбаз қатысып жатыр.