Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің кезекшісі, подполковник Нұрлан Қалиевтің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, жоғалды деп жарияланған цезий радиоактивті заты «6 қыркүйек күні түнде Қызылорда облысы Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылының маңынан табылған».
- Біздің қызметкерлер бір КамАЗ көлігін ұстап, ішінен жоғалған затты алды. Зат ашылмаған, бүтін, - дейді ол.
Ал Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің ақпарат бөлімі басшысы Гүлжаһан Қайыргелденова:
- 6 қыркүйек, түнгі сағат екілер шамасында Шиелі ауданында Батыс Қытай - Батыс Еуропа жолымен кетіп бара жатқан КамАЗ-дан радиоактивті цезий контейнері табылды. Ол КамАЗ туралы Қызылорда тұрғыны хабарлады. Жорамалымыз бойынша, табылған контейнер - жоғалған цезий радиоактивті заты. Шиелі ауданының ішкі істер бөлімінде қазір оны мамандар тексеріп жатыр. Анық сол ма, жоқ па - дүйсенбі хабарлаймыз. Қазір КамАЗ жүргізушісін де тексеру жұмыстары жүріп жатыр, - деді.
Радиоактивті заттың Маңғыстау облысында жоғалғаны туралы ақпарат тамыздың 28-і күні тарады. «Цезий-137» радиоактивті затының жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, оны ҰҚК жүргізе бастаған еді. Оны іздеу аясының Атырау облысы аумағына дейін кеңейтілгені де хабарланған. Цезийлі контейнердің иесі - «Казпромгеофизика» компаниясы контейнерді тапқан адамға 1 миллион 500 мың теңге сыйақы тағайындаған.
Маңғыстау атом электр комбинатындағы БН-350 департаметінің директоры Юрий Широбоков Азаттыққа «егер ол контейнерді біреу-міреу ашса, санаулы секундтарда-ақ залалы 70 жылға созылатын радиоактивті улануға ұшырайтынын» айтқан болатын. Радиоактивті заттың қаупі және оны іздеу шаралары туралы Азаттықтың «Жоғалған» радиоактивті затты жаппай іздеу» мақаласынан оқуыңызға болады.