Accessibility links

АҚШ "Ислам мемлекетіне" қарсы операциясын жалғастырады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бүгін Каирде "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы халықаралық коалиция құру туралы келіссөздер жүргізеді. Керри бұған дейін Ирак, Иордания, Сауд Арабиясы және Түркияда келіссөздер жүргізген еді.

АҚШ президенті Барак Обама Ирак пен Сирияның кейбір аймақтарын басып алған исламшыл радикалды топты "әлсіретіп барып, құрту" жоспарын осы апта жариялаған еді. АҚШ Ирак үкіметінің содырлармен соғысуына әуеден шабуыл жасау арқылы көмектесіп отыр.

Жақында «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары екі америкалық журналист Джеймс Фоули мен Стивен Сотлоффтың басын кескен еді. Олар бұл қылмыстарын "АҚШ ұшақтарының шабуылына қайтарған кегіміз" деп түсіндірген.

Бүгін британдық азамат Дэвид Хэйнстің де "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының тұтқынында екені анықталды. Оның туыстары қазір содырлармен байланыс орнатуға тырысып жатыр. Бұл әрекеттерінен әзірге нәтиже шықпаған.

44 жастағы Хэйнс былтыр наурыз айында Сирияда жоғалған еді. Ол халықаралық гуманитарлық ұйымдардың бірінде жұмыс істейді. Содырлар оны да АҚШ әуе соққыларына кек қайтару мақсатында өлтіретіндерін айтып отыр.

XS
SM
MD
LG