Еуропа Кеңесінің адам құқықтары жөніндегі комиссары Нильс Муйжниекстің айтуынша, Украинада наурыз айында Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі татарлардың тағдыры ерекше алаңдаушылық тудырады. Бұл жайында ол Страсбургте өткен Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеясында мәлімдеген.
Түбекте бетперде киген арнайы қызметтің қарулы өкілдерінің діни орындарға, мектептерге, компаниялар мен үйлерге және Қырым татарлары меджилисіне жүргізген рейдтерінен соң этникалық татарлардың қауіпсіздігіне қатер төне бастады дейді Муйжниекс. Оның сөзінше, тарихта бұрын-соңды зорлық-зомбылық жасамаған диаспораға қатысты «қару-жарақ және экстремистік әдебиеттерді іздеу» мақсатымен тінту, рейд жүргізу мүлдем орынсыз. Жанжалдардан соң үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған украиндықтардың жағдайы да оңып тұрған жоқ деді Муйжниекс.
БҰҰ дерегі бойынша, Украинаның ішінде босқынға айналған 350 мыңға тарта украиндықтың 18 мыңы Қырым түбегінен келгендер, қалғандары елдің шығысынан кетуге мәжбүр болған тұрғындар.