Accessibility links

Обама АҚШ-тың экономикалық жетістіктерін айтты


АҚШ президенті Барак Обама.
АҚШ президенті Барак Обама.

2 қазан күні АҚШ президенті Барак Обама Чикагоның Солтүстік-батыс университетінде сөйлеп, АҚШ экономикасының дамуы және алда келе жатқан сайлау туралы айтты.

Конгрестің аралық сайлауы туралы Обама: "Кімге дауыс беретінімді айтпаймын, бірақ қай партияны қолдайтынымды болжау қиын емес" деді. Болжам бойынша, Конгрестің қос палатасында да республикашылдар депутаттары санын арттыруы мүмкін.

Обаманың сөзіне қарағанда, Ақ үй іске асырған бағдарламалардың арқасында АҚШ дағдарыстан шығып, АҚШ тұрғындарының әл-ауқаты жақсарған. Ол "қандай көрсеткішті алып қарасақ та, Американың қазіргі ахуалы менің әкімшілігім билікке келген кезден гөрі жақсы" деді.

Обама жаңа бастамалар туралы айтқан жоқ, тек атқарылған шаруаларды тізіп шықты. Олар: еңбекақының минималдық шегінің көтерілгені; "жасыл" энергетика мен инфрақұрылымға, ғылыми зерттеулерге салынған инвестициялардың көбейгені; мектепке дейінгі білім алуды тегін ету; халықтың әртүрлі топтары арасындағы табыс айырмашылығын теңестіру; иммиграциялық заңдар реформасы.

Президент экономикалық дамудың жеделдеуі барлық азаматтарға бірдей табыс әкелмегенін, негізінен ауқатты азаматтардың бір пайызы ғана пайда көргенін мойындады. Ол ұсыныстарына қарсы шығып отыратын республикашылдарды "еңбекақының минималдық шегін көтеруге, студенттердің несиелерін жабуға көмектесуге, жұмыссыздарға жәрдемақы төлеу мерзімін ұзартуға кедергі келтірді" деп сынады.

Президент республикашылдарды "жұмыс орындарын көбейтуге ынталандыру туралы заң жобасын өткізбей тастады" деп айыптады.

Бірақ Обама республикашылдардың "Сенатта басым болып отырған Демократиялық партия экономикалық өсімді қолдауға арналған ұсыныстарымызды өткізбей тастады" деген сынына жауап айтпады.

XS
SM
MD
LG