Францияның Лион қалалық соты 17 қазанда оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы сот отырысында ресейлік оппозициялық саясаткер, шахматтан бұрынғы әлем чемпионы Гарри Каспаровтың куәгер ретінде сөйлеуіне рұқсат етпеді.
Францияның RFI радиосының хабарлауынша, судья қосымша ақпарат керек болса, куәгерлерді кейінірек шақыратынын айтқан.
Әблязовтың адвокаттарының бірі Джейн-Пьер Мигнард RFI-ге судьяның "Франция сот жүйесінің бейнесіне нұқсан келтіретін" бұл шешіміне өкініш білдіретінін мәлімдеген. Адвокат шешімге қатысты шағымданбақшы.
Марк Фейгин атты Әблязовтың және бір адвокаты Азаттыққа бүгінгі сот отырысында Ресейге экстрадициялау бойынша сот шешімі шықпауы да мүмкін екенін айтты.
"Қазір барлық жақтың өкілдері сөйлеп жатыр, Мұхтар Әблязовтың өзі, туыстары сот залында" деді Марк Фейгин.
Кеше Гарри Каспаров пен Мұхтар Әблязовтың қызы Мадина Әблязова Парижде пресс-конференция өткізген. Каспаров Әблязовты Ресейге экстрадициялаған жағдайда әділ сот өтпейтінін айтқан.
Қазақстан, Ресей мен Украина Әблязовты БТА Банкінен миллиардтаған доллар қаржы жымқырды деп айыптайды. Әблязов бұл банкті 2005-2009 жылдары басқарған. Әблязов пен оның жақтастары бұл айыптауларды мойындамайды, саяси астары бар деп санайды.