Accessibility links

Журналист Ерғалиева сотта бүркеншік есімін жариялады


Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен ADAMDAR компаниясының өкілі Аян Шәріпбаев Алматы қалалық сотында. 23 қазан 2014 жыл.
Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева мен ADAMDAR компаниясының өкілі Аян Шәріпбаев Алматы қалалық сотында. 23 қазан 2014 жыл.

Бүгін Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Adam bol журналының иесі ADAMDAR компаниясының Медеу аудандық сотының Атыраудағы "Иманғали" мешітінің бұрынғы наиб имамы Ерсін Әміреге 2 миллион 500 мың теңге өндіріп беру туралы үкіміне берген шағымын қарауды бастады.

Сот барысында Adam bol журналында биылғы 21 ақпандағы санында "Сирия соғысының Қазақстандағы майданы"деген тақырыпта жарияланған мақаланы жазған Алма Шарипова есімді бүркеншік есімді автор жайлы сұралған. Сотта журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиева ол мақаланың авторы өзі екенін және бүркеншік есім де өзінікі екенін айтты.

Қазір Алматыдағы орталық мешіттің наиб имамы Ерсін Әміре бұған дейін "Иманғали" мешітінің наиб имамы болып тұрғанда Медеу аудандық сотына ADAMDAR компаниясының үстінен шағым түсірген. Ол журналды жоғарыда аталған мақалада жалған ақпарат келтірді деп айыптайды.

"Мақалада мені Қазақстандағы хабашиттердің қолшоқпары ретінде атаған және "шетелден маңызды нұсқаулар алады" деп көрсеткен" деп жазады Әміре шағымында. Ерсін Әміре өзін "кәсіби беделіме нұқсан келіп, ар-намысым тапталды" деп санайды. Ол "деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсететін" "Шапағат" қорын басқаратынын да айтады.

Ерсін Әміре бұған қоса журнал мақалада өзінің рұқсатынсыз суреттерін де пайдаланып, беделіне нұқсан келтіргенін айтқан. Ол мақаладан көрген моральдық шығынын 5 миллион теңгеге (шамамен 27 мың 500 АҚШ доллары) бағалаған.

Бірақ ол Медеу аудандық сотының 5 қыркүйекте жауап беруші тараптан өзінің пайдасына 2 миллион 500 мың теңге (13 мың 700 доллар) өндіріп беру туралы шығарған шешіміне қанағаттанған.

Апелляциялық алқа судьясы Нұрлан Мұхамеджанұлы екі жақты істі бітіммен жабуға болатынын да ескерткен. Бірақ наиб имам мен журнал редакциясы мұндай ниет білдірмеді.

Келесі сот отырысы 24 қазанға белгіленді.

XS
SM
MD
LG