Мәскеуде қуғындағы саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязовтің ісі бойынша ұсталған ресейлік ұлтшыл Александр Поткин үйқамақтан абақтыға ауыстырылды. Бұл туралы Мәскеудің Тверь сотының судьясы Ольга Солоповаға сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі хабарлады.
Поткин 15 қазан күні "БТА банкінен 5 миллиард АҚШ долларын жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша ұсталған. Тергеушілер Поткиннен "Мұхтар Әблязовтің атынан оның банктен Мәскеу түбіндегі жер телімдері ретінде заңсыз шығарылған активтерін бірнеше жыл басқарып, заңдастырумен айналысқан" деп күдіктенеді.
Агенттіктің дерегінше, 17 қазан күні Мәскеудің Тверь аудандық соты Поткинді 30 қарашаға дейін үйқамаққа алуға санкция шығарған. Ал 23 қазан күні сот тергеушілердің сұрауы бойынша Поткинді қамауға алуға нұсқау берген.
«БТА Банк» ісі бойынша Қазақстан Мұхтар Әблязов негізгі күдікті деп таниды. Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өткен жылдың жазынан бері Францияда қамауда отыр. «Қаржылық алаяқтық жасап, 6 миллиард доллар жымқырған» деген айып тағылған Әблязовті Ресей мен Украина сұратып отыр.
Мамыр айының соңында жергілікті БАҚ-тың бірі: «Жанболат Мамай мен Қазақстан қоғамына аса белгілі емес ресейлік ұлтшыл Александр Белов-Поткинге қатысты «ұлтараздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлаған еді. Бірақ Жанболат Мамай өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын, бұл істе тек куәгер екенін айтқан.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың «саяси астары бар» екенін айтады.