Ауғанстанда мешітте 10 жасар қыз баланы зорлаған молла 20 жылға түрме жазасына кесілді. Ауғанстанның әйелдер құқығын қорғайтын қозғалыс белсенділері сот үкімін құптап, ол 2009 жылы қабылданған заңға сәйкес келетіндігін атап өткен.
Жәбір көрген қызды әйелдер құқығын қорғау ұйымы өз қамқорлығына алып, көптеген айлар бойы ата-анасынан жасырып ұстап келгені сот процесінің барысына ықпал еткен. Нью-Йорк таймс басылымының жазуынша, осы қылмыс жасалған Ауғанстанның Құндыз провинциясындағы ауыл тұрғындары арасында «отбасы абыройына кір келтірген» қыз баланы ата-анасы өлтірмекші болған деген сыбыс тараған. Мұндай айыппен қыздарды жазалау Ауғанстанда сирек кездесетін жағдай емес.
Қыздың ата-анасын өз баласын қолдап-қорғау қажеттігіне көндірген құқыққораушылар олардың Кабулға келуіне керекті жол шығынын өздері көтеріп алып, сотқа қатысуына мұрындық болған.
Кейбір құқыққорғаушылар мен қыздың туыстары қылмыскерге өлім жазасы берілсе әділетті болады деп санайды.