Accessibility links

"Тілекті дауыстап айтсам бола ма?"


Дария Ертайқызы, Азаттықтың блог байқауына қатысушы
Дария Ертайқызы, Азаттықтың блог байқауына қатысушы

"Алла тағала, әкем мен анама денсаулық бере гөр. Алла тағала, бізге не керек екенін білесіз бе? Үй алуға көмектесіңізші"

Есіктің кілті сылдыр ете түсті. Ар жақтан аса сақтықпен еппен бұрап жатқаны сезіледі. Қос құлынын бауырына қысып алаңдап жатқан Раушан орнынан жайлап тұрды. Сұңғақ бойына жарастырып, қызыл халатын желбегей жамылды. Кекіл шашы маңдайына түсіп, танадай көздері ұшқын атады. Бөлменің есігін жайлап жауып, дәлізге шықты. Ар жақтан ері Сәндібайдың төбесі көрінді. Өзін көз ілмей күтіп отырған жарын көріп, жүрегі елжіреп сала берді.

- Неге ұйықтай бермедің, жаным? - деді келіншегінің маңдайынан иіскеп.

- Т-с-с, - деді келіншегі сұқ саусағын ерніне апарып, - Маша апай оянып кетпесін. Әлгінде ғана бөлмесіне кірді.

Сәндібайдың жүзінде әлгіндегі қуаныштың ізі де қалмады.

- Тағы да балалар жүгіреді, секіреді. "Анаған тиісті, мынаны бүлдірді" деп тиіскен шығар, - деді зығырданы қайнап.

- Ас суып қалмасын. Беті-қолыңды жуып, ас үйге өте бер, - деді Раушан байсалды жүзбен.

Сәндібай мен Раушанның үйленгеніне сегіз жылдың жүзі болды.

Сәндібай - Арқадан, Раушан - Шымкенттің қызы. Студент кезінде көңілдері жарасып, отбасын құрды. Ернұр атты ұлдары – бес жаста. Гүлнұры – үште.

Алматыдағы жол-құрылыс институтын бітірген Сәндібай ертелі-кеш құрылыста жүреді. Мамандығы – құрылысшы-инженер. Табысы күнкөріске жетеді. Келіншегі Раушанның мамандығы – мұғалім. Ернұр туған жылы мемлекеттік пәтер кезегіне тұрған. Ұзын-сонар кезегі өкшелеп қуса да, жеткізер емес.

Баспанасыздық – Раушанның жанды жері. Алдыңғы жылдарды айтпағанда, биылдың өзінде үшінші рет пәтер ауыстырыпты.

Раушанның курстасы Құралай кезекке тұрғанына екі-үш жыл ғана болған танысының үш бөлмелі пәтер алғанын құрбысына сүйіншілеп жеткізген-ді. Сырттай сыр бермесе де, Раушанның іші әлемтапырық болды. Баспанасыздық – Раушанның жанды жері. Алдыңғы жылдарды айтпағанда, биылдың өзінде үшінші рет пәтер ауыстырыпты. Ала дорбаны сүйретіп, бала-шағасымен бірге пәтерден-пәтерге көшу де жүйкесін жұқартып жіберді. Оған да көндігер еді, алайда бұдан жарты жыл бұрынғы оқиға жас ананың жүрегінде айықпас із қалдырды.

Әдеттегідей бесінші сыныпқа қазақ тілі пәнінен сабақ өткізіп жатқан. Қалта телефоны шылдыр етті. Жаңа көшіп келген пәтеріне қарама-қарсы есікте тұратын көршісі, Сәндібайдың ауылдасы Мерекенің келіншегі екен.

- Раушан, сен қайдасың? - деді әлденеге мазасызданып.

- Жұмыстамын, - деді ол сабағын бөлгеніне қынжылып.

- Сен балаларыңды балабақшаға апарушы ма едің? - деді бастырмалата.

- Жоқ, - деді көңілі алабұртып.

- Ойбой-ау, онда сорың қайнады ғой. Бесінші қабаттың терезесінен кішкентай бала құлап кетті...

Раушанның одан ары тыңдауға әл-дәрмені құрып, қалтасын қармана берді. Үйіне қалай жеткені, «Жедел жәрдемнің» соңынан ілесе ауруханаға барғаны еміс-еміс есінде.

Ақ халатты дәрігер бөлмесіне шақырып, қауіп-қатердің сейілгенін, абырой болғанда қызы екінші қабаттағы көршісінің саяжайға апаруға дайындаған жұмсақ матрацының үстіне құлағанын жеткізді. «Жарақат жеңіл-желпі десе де, он күндей ауруханада жатады» дегенді естігенде, Раушан еңсесін тіктеп, кеудесін кере демалды.

Әркімнің босағасында жүргендіктен бе Раушан да психолог болып алған. Пәтер иесінің қас-қабағына қарай сөйлесуді дағдыға айналдырған.

Әркімнің босағасында жүргендіктен бе Раушан да психолог болып алған. Пәтер иесінің қас-қабағына қарай сөйлесуді дағдыға айналдырған. Тілеуің бергір, Маша апай – құдайға қараған жан. Бұлар жұмыста жүргенде, балаларының ас-суын жылытып береді. Кейде «Балаларың мазамды алды» деп шағымданатыны да бар. Әркімнің өз баласы айдай көрінеді емес пе. Мұндайда Сәндібай кірпідей жиырылады. Раушан байғұс күйеуім оқыс сөз айтып қала ма деп екі ортада күйіп-піседі де қалады.

Жыл айналып Құрбан айт та келді. Раушан ерте тұрып, шелпек пісірді. Балаларын таза киіндірді. Қазанға ет салды. Дастарханды жайнатып жіберді.

- Кәне, дастарханға жақындаңдар. Бүгін - Айт мерекесі. Әкелерің құран оқығанда, іштей тілек тілеңдер, - деді балаларына мейірлене қарап.

Басына тақиясын киіп, судыратып құран оқыған Сәндібай шелпекті балаларына таратты.

- Әке, - деді Ернұры иығынан тартып, - Тілекті дауыс шығарып айтуға бола ма?

- Айта ғой, балам, - деді анасы мен әкесі қосарланып.

Бүлдіршін қос алақанын жайып:

- Алла тағала, әкем мен анама денсаулық бере гөр. Алла тағала, бізге не керек екенін білесіз бе? Үй алуға көмектесіңізші, - деді.

Кішкентай Ернұр шын сұраса, тілегі қабыл болатындай, шынайы көңілден қос алақанына қадалып қалған. Әкесі Сәндібай қолындағы кесені жаңа көргендей көз алмайды. Раушанның көзінен аққан жас жүзін жуды. Ойында ештеңе жоқ Арнұр ғана шелпекті сүйсіне жеп отыр.

Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ, Екібастұз қаласы

Азаттықтан: Бұл блогқа дауыс беру үшін Блог байқау парақшасына кіріп, сауалнамадағы автордың атын таңдаңыз және Facebook, Google+, Twitter мен МойМир арқылы ұнатып, я бөлісіңіз.

XS
SM
MD
LG