Accessibility links

ADAM bol өкілдерінің судьяға қарсылығы қабылданбады


Медеу аудандық сотының судьясы Әсел Әбішева ADAM bol журналының сотында. Алматы, 5 желтоқсан 2014 жыл.
Медеу аудандық сотының судьясы Әсел Әбішева ADAM bol журналының сотында. Алматы, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Алматының Медеу аудандық сотында бүгін судья Әсел Әбішеваның төрағалығымен қалалық әкімдіктің ADAM bol журналына қарсы шағымы бойынша сот отырысы болды. Билік журналды "соғысты насихаттады" деп айыптайды. Қалалық ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдар Есенбеков соттан ADAM bol журналының қызметін тоқтатып, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің күшін жоюды сұрайды. Бірақ журнал өкілдері айыптаумен келіспейді.

Журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиева іс материалына парламент мәжілісінің төрт депутатының баc прокурор Асхат Дауылбаевтың атына жазған хатын қосуды сұрайды. Депутаттар хатта Дауылбаевтан "журналдың жабылуы мен таралуына тыйым салынуына қатысты жағдайды шынайы түрде қарауды" сұраған.

Ерғалиева бұған қоса іс материалына ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігін қорғау жөніндегі өкілі Дуня Миятовичтің ADAM bol журналын жабу Қазақстандағы БАҚ бостандығына қауіп төндіреді деген мәлімдемесін де қосуды сұрады.

Бірақ судья Әсел Әбішева ADAM bol журналы өкілдерінің осы және басқа да сұрауларын қабылдамай тастады.

Бұдан соң сотта журналдың мүддесін қорғаушы заңгер Сергей Уткин журнал өкілдері Әсел Әбішеваның "әділдігіне күмән келтіретінін" айтып, оған қарсылық білдірді. Медеу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Мұсағалиев заңгердің бұл арызын қарап, оны қанағаттандырмай тастады.

Сот залына қайта оалған Әсел Әбішева сот отырысына желтоқсанның 22-сіне дейін үзіліс жарияланатынын айтты.

Қарашаның 20-сында Алматының Медеу аудандық соты қалалық ішкі саясат басқармасының шағымы бойынша Adam bol журналының таралуына, оның ішінде электронды түрде басылуына тыйым салып, қызметін тоқтатқан. Билік журналдың Киевте тұратын қазақстандық саяси эмигрант Айдос Садықовтан алған сұхбатында "соғысты насихаттағаны туралы белгілер бар"деп санайды.

XS
SM
MD
LG