Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты 19 желтоқсан күні «Астана басшысының өкімімен Нұрәлі Әлиев пен Ермек Аманшаев («Қазақфильмнің» бұрынғы президенті - ред.) Астана қаласы әкімінің орынбасарлары болып тағайындалды» деп хабарлады.
Аstana.gov.kz сайтының жазуынша, Нұрәлі Әлиев әр жылдары «Нұрбанк» төрағасының бірінші орынбасары, директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. 2008 жылдың желтоқсанынан 2013 жыл аралығында «Қазақстанның даму банкі» басқарма төрағасының орынбасары, «Транстелеком» компаниясы басқарма төрағасы болды.
Нұрәлі Әлиевтің шешесі Дариға Назарбаева - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы. Қазір Назарбаева - Қазақстан парламентінің депутаты.
Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев 2007 жылы «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты ұрлап, өлтіруге қатысы бар деп айыпталған еді.
Сол жылы Рахат Әлиев қудалауға ұшырап, оны Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметінен шығарып, "адам өлтіру және кісі ұрлаумен" қатар, "қылмыстық топ құрып басқарды, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты, мемлекетке опасыздық жасады" деген де айыптар таққан, әрі әйелі Дариға Назарбаевамен сырттай ажырастырған. Бірақ билік оны Қазақстанға қайтара алмады. Қазақстан соты Рахат Әлиевті сырттай жиыны 40 жылға соттады.
2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді.
Вена соты оны тұтқындауға ордер берген 2014 жылдың мамырында шетелде жасырынып жүрген Рахат Әлиев жергілікті құқық қорғау органдарына көмектесуниетімен Австрия билігіне өз еркімен берілуді жөн санады. Әзірге оған Австрия соты айып таққан жоқ.