Қырғызстан премьер-министрі Жоомарт Оторбаев 20 желтоқсан күні Бішкекте Еуразия экономикалық одағына кіруге әзірлік жөнінде үкімет отырысын өткізді. Ресми мәліметтерге қарағанда, Оторбаев ЕАЭО-ға кіру процесінің "дұрыс жүріп жатқанын" атап өткен.
Қырғызстан премьер-министрі «Қазір елдің бұл одаққа қосылу жоспары іске асырылып жатыр. ЕАЭО-ға қосылу - Қырғызстан үкіметінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі» деген.
Үкімет отырысында Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі жөніндегі келісімнің жобасы талқыланған.
Болжам бойынша, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев бұл келісімге 23 желтоқсан күні Мәскеуде, ЕАЭО Жоғарғы кеңесі отырысында қол қоймақ.
Ресей, Қазақстан мен Беларусь мүше болып отырған ЕАЭО 2015 жылдың 1 қаңтарында жұмысын бастайды. Бұл одаққа Армения мен Қырғызстан қосылмақ.