Accessibility links

ADAM bol-ды қолдаушылар Назарбаевқа үндеу жолдады


ADAM bol журналы ұйымдастырған баспасөз конференциясына қатысушылар солдан оңға қарай: Гүлжан Ерғалиева, Төлеген Жүкеев, Евгений Жовтис. Алматы, 22 желтоқсан 2014 жыл.
ADAM bol журналы ұйымдастырған баспасөз конференциясына қатысушылар солдан оңға қарай: Гүлжан Ерғалиева, Төлеген Жүкеев, Евгений Жовтис. Алматы, 22 желтоқсан 2014 жыл.

Бүгін Алматыда ADAM bol журналының қамқоршылар кеңесінің мүшелері, оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев пен құқық қорғаушы Евгений Жовтис баспасөз жиынын өткізіп, билік журналды "жоғарғы саяси мансаптағы тек белгілі бір адамдардың жеке мүддесі тұрғысынан" қудалап жатыр деп мәлімдеді.

Жүкеев пен Жовтис журналдың қамқоршылар кеңесінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған үндеуін оқыды. Олар мемлекеттік институттар "жұмыс істемейтіндіктен" президентке жүгінуге мәжбүр болғанын айтады.

Назарбаевқа жолдаған үндеуінде қамқоршылар кеңесі президентті конституцияның кепілі ретінде "заңның атын жамылған, журналға қатысты іспен байланысы барлардың" бәріне конституция талаптарының бірдей орындалуын қамтамасыз етуге шақырады.

ADAM bol-дың бас редакторы Гүлжан Ерғалиева үндеуге Жүкеев пен Жовтистен басқа қамқоршылар кеңесінің басқа да мүшелері - мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, жазушы Герольд Бельгер, режиссер Ермек Тұрсыновтың да қол қойғанын және олардың белгілі себептермен жиынға келе алмай қалғанын айтты.

Алматының Медеу аудандық соты қалалық ішкі саясат басқармасының журналдың үстінен берген шағымын қарап жатыр. Шағымда журнал нөмірлерінің біріндегі мақалада "соғысты насихаттау" белгілері бары айтылады.

Медеу аудандық соты қарашаның 20-сында қалалық ішкі саясат басқармасының шағымы бойынша Adam bol журналының таралуына, оның ішінде электронды түрде басылуына тыйым салып, қызметін тоқтатқан. Сол күні сот орындаушылары редакция кеңсесіне мөр басып, журналдың кезекті нөмірін тәркілеп әкеткен. Билік журналдың Киевте тұратын қазақстандық саяси эмигрант Айдос Садықовтан алған сұхбатында "соғысты насихаттағаны туралы белгілер бар" деп санайды.

Өткен аптада Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы журнал өкілдерінің Медеу аудандық сотының шешіміне берген шағымын қанағаттандырудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG