23 желтоқсан күні Украина парламенті елдің блоктан тыс статусын жоюды жақтап дауыс берді.
Депутаттар алдында сөйлеген Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин елдің НАТО-ға қатысты осыған дейін ұстанып келген бейтарап статусы Киевтің Еуропаға жақындау ниетіне қайшы екенін айтты.
Ал заңды таныстырған бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко бұл құжатты "Украинаны Батыс өркениетіне жалғайтын маңызды заң" деп сипаттады. Блоктан тыс статусты жоятын бұл заңнан соң Украина НАТО-ға бірден мүше бола қоя алмайды. Бұл процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Бірақ Брюссельдегі НАТО өкілі «ұйымның есігі Украинаға ашық екенін» айтты.
Украинаның қандай да бір әскери-саяси одаққа кірмейтіні, оның ішінде НАТО-ға кіруден бас тартуы туралы заңды Жоғарғы Рада бұрынғы президент Виктор Януковичтің тұсында, 2010 жылдың шілде айында қабылдаған.
Бұл шешім НАТО-ның шығысқа жылжуын өз қауіпсіздігіне қатер деп білетін Ресейге ұнамады. Мәскеу Украина парламентінің бұл шешімін "достыққа жат" деп сипаттады. Украина Ресейді елдің шығысындағы сепаратистерді қаруландырып, қолдап отыр деп айыптап келеді.