28 желтоқсан күні Алматы облысы Заречный кентіндегі түрмеде отырған бұрынғы «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловты жақтастары Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Козлов онда «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айыппен жазасын өтеп жатыр.
Акция өткізген Марат Жанұзақов, Жасарал Қуанышәлин және бірнеше белсенді түрме алдында «Володя, Жаңа жылыңмен!» деген плакат жайды. Акцияға қатысқан белсенділердің әрқайсысы осы плакатқа Козловқа арнаған тілектерін жазған.
Акция өткізген белсенділер плакаттарын Владимир Козловқа апарып беруді өтініп, түрме күзетшісіне берді.
Түрме күзеті акцияны бақылап тұрды. Бірақ олар белсенділерді ұстаған жоқ, шара бейбіт жағдайда өтті.
Желтоқсанның басында Заречный түрмесінде Қапшағай қалалық сотының жылжымалы отырысы өткен еді. Онда түрме бастығы Әбілғазы Еділовтің үстінен Козлов түсірген арыз қаралды. Құқық қорғаушылар Козловтың осы арызы арқылы прецедент жасағанын айтады. Өйткені, бұл сотта сотталушының түрме бастығының үстінен түсірген арызы қаралған.
Оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік араздық қоздырды» деген айыппен жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылған. Бірқатар халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан билігін Козловты босатуға шақырды. Қазақстандағы бірнеше құқық қорғаушы ұйым оны саяси тұтқын деп таныды.