"Талибан" делегациясы Қытай билігімен келіссөз жүргізу үшін Пекинге барып қайтты деген ақпарат тарап отыр. Ауғанстан мен Пәкістанның ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Талибанның" Катардағы өкілдігінен Кари Дин Мухаммад бастаған делегация Пекинге 2014 жылғы қараша айының соңында Ауғанстандағы жағдайды талқылау үшін барған.
Пәкістандық The News International басылымы қаңтардың 2-сінде талибтер Пекинге Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидің Қытайға төрт күндік сапарынан кейін бірден барған деп хабарлаған. Ғанидің сапары кезінде Пекин Ауғанстан, Пәкістан, Қытай билігі және "Талибан" өкілдері қатысатын "бейбітшілік пен бітім форумын" өткізу бастамасын көтерген.
БАҚ ақпаратына қарағанда, Кабул Пекиннің ұсынысы мен "Талибанның" Қытайға сапарына қатысты ресми түсінік бермеген.