Accessibility links

Жалғамыс электр қуаты бағасына наразы болды


Электр энергиясының қымбаттауына наразылық танытып жол бойына жиналған тұрғындар. Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 20 қаңтар 2015 жыл.
Электр энергиясының қымбаттауына наразылық танытып жол бойына жиналған тұрғындар. Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылы, 20 қаңтар 2015 жыл.

Бүгін Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жалғамыс ауылының 30-дай тұрғыны электр энергиясы бағасына наразылық білдіріп, жол бойына шықты.

Өзін Эльмира деп таныстырған тұрғынның айтуынша, Жалғамыс ауылының іргесінен жаңадан салынып жатқан 300-ге жуық үйдің тұрғындары электр энергиясының 1 киловатт-сағатына қаңтар айынан бастап 28 теңге төлей бастаған.

«2013 жылы әр киловат-сағатына 22 теңгеден, 2014 жылы 23 теңге 50 тиыннан төлегенбіз. 2015 жылы электр энергиясы 8 пайызға қымбаттады деп 28 теңгеге көтеріп отыр. Біздің есебіміз бойынша ол 26 теңге болуға тиіс еді» дейді тұрғын.

Ауыл тұрғындарынан пайдаланған электр энергиясының ақшасын жинайтын «Новостройка» серіктестігінің жетекшісі Жаңылсын Әкішованың сөзінше, қымбатшылықтың бірнеше себебі бар.

«Жалғамыстың іргесінде салынған жаңа ауылда 12 трансформатор бар. Оның 8-і жұмыс істейді. Біз осы 8 трансформатордың әрқайсысына айына 14 мың теңгеден төлейміз. Бұл - аудандық "Энергосбыт" мекемесінің талабы. Оған қоса ай сайын 230 мың теңге қосымша құн салығын төлеймін. Электр энергиясының қымбат болу себебі сондықтан» деді Жаңылсын Әкішова.

Тұрғындары «2010 жылы мемлекет бюджеті есебінен тартылған электр энергиясы осы уақытқа дейін жеке адамдардың қолында» екеніне де наразы. Жалғамыс қарайтын Қайнар ауылдық округі әкімдігінің өкілі Сандуғаш Будуғұлованың сөзінше, бұл сала көктемде мемлекет қарамағына өтеді.

XS
SM
MD
LG