АҚШ президенті Барак Обама бүгін Үндістанға сапармен келді. Ол Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездесу өткізіп, Махатма Гандиге тұрғызылған мемориалға гүл қояды деп жоспарланған.
Бұл сапарында Обама үнді билік өкілдерімен сауда-экономика және климаттың өзгеруінен бастап халықаралық қауіпсіздік пен терроризмге қарсы күресті қамтитын кең көлемді мәселелерді талқылайды.
Дүйсенбі күні АҚШ президенті Үндістанның Республика күніне арналған Нью-Делиде өтетін парадқа қатысады. 1950 жылы Үндістан конституциясы күшіне енгеннен бастап жыл сайын осы күні елде парад өткізу дәстүрге айналған
Бұған дейін президент Барак Обама қаңтардың 27-сі күні Сауд Арабиясына барып, елдің жаңа королі Салман ибн Әбдел-Әзиз әл-Саудпен кездесуі үшін Үндістанға сапар бағдарламасы қысқартылғаны хабарланған еді.