Халықаралық әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) ақпанның 2-сі күні жариялаған рейтингінде қазақстандық Зарина Дияс 31-орыннан 33-орынға түскен.
Тағы бір қазақстандық теннисші Ярослава Шведова 15 сатыға жоғарылап, қазір 51-орында тұр.
Екі теннисші де биылғы Австралия ашық чемпионатының үшінші кезеңіне дейін жетіп, Дияс ресейлік Мария Шараповадан, Шведова қытайлық Пен Шуайдан жеңілген.
Дияс пен Шведова Қазақстан құрамасымен бірге ақпанның 4-і мен 7-і аралығында Қытайда өтетін федерация кубогы жарысына қатысады. Қазақстан құрамасы Азия құрлығынан әлемдік лиганың плей-офф кезеңіне берілетін жолдамаға таласады.