Бүгін Маңғыстау облысындағы Қаламқас мұнай кенішінде «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына көлік тасымалы қызметін көрсететін «Ойл транспорт корпорейшн» компаниясының бөлімшесі – «Бұзащы көлік технологиялық басқармасының» вахталық тәртіппен жұмыс істейтін ондаған жұмысшысы «Ойл транспорт корпорейшн» компаниясына жаңадан тағайындалған басшыға наразы екендерін білдірген.
Жұмысшылардың Азаттық тілшісіне айтуынша, олар бұдан бір жарым жыл бұрын компания басшылығынан кеткен Бекқожа Ақбеловтің ақпанның 6-сында «Ойл транспорт корпорейшн» компаниясына басшылық қызметке қайта тағайындалғанына қарсы.
Бұған қоса, бүгін Ақтаудағы «Ойл транспорт корпорейшн» компаниясы кеңсесінің алдына компанияның вахталық демалыста жүрген өзге ондаған жұмысшысы Қаламқастағы әріптестерін қолдауға жиналды. Оларға жолыққан Бекқожа Ақбелов жұмысшылардан өзіне қоятын қандай талаптары бар екенін сұраған. Жұмысшылар Ақбеловке ешқандай талап қоймаған, тек Қаламқастағы жұмысшылармен қашан кездесетінін сұраған. Ақбелов Қаламқастағы жұмысшылармен кездесетінін айтқан.
Ақбеловтің өзі «Мені қызметке компания басшылығы тағайындады. Егер сіздерге жұмысым ұнамаса, басшылық орныңды босат десе, қызметтен кете берем» дейді.
Бұдан соң «Ойл транспорт корпорейшн» кеңсесі алдына жиналған жұмысшылар тарап кетті.