Еуропа парламентінің депутаттары 10 ақпанда Страсбургте өткен пленарлық отырысына Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могериниді Украинаға қатысты талқылауда сөйлеуге шақырды. Талқылау таяуда Украинаның Мариуполь қаласының атқылануына байланысты ұйымдастырылған.
Талқылауда Могерини 11 ақпанда Минскіде өтетін "норманд форматындағы" кездесуге қатысушыларды "бітімге келу мүмкіндігін жіберіп алмауға" шақырды. Ол ақпанның 9-ында Брюссельде жиналған ЕО сыртқы істер министрлері кеңесі де осындай үндеу жасағанын еске салды.
Могеринидің айтуынша, келіссөзді табысты аяқтауға кепілдік жоқ болғанымен белгілі деңгейде оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. "Бұл мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Құрбан болып жатқан халықты қорғау керек. Халықаралық құқықты, мемлекеттің егемендігін қорғап, Еуропада бейбітшілік орнату қажет" деді Могерини.
Ол жекелеген елдер ғана емес, тұтас ЕО келіссөз табысты болуына бірдей жұмыс істеуі тиіс екенін де айтты.
Бүгін Минскіде Германия, Франция, Украина және Ресей басшыларының "норманд форматындағы" кездесуі өтеді деп жоспарланып отыр.