Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановтың бүгін сағат 14-ке ысырылған соты кейінге қалдырылды. Судья сотты іске қатысты екінші сотталушы Қайрат Балмағамбетов жүрек талмасы ұстап қалуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға түскендіктен кейінге шегерді.
Бүгінге белгіленген сотта тараптар жарыссөзі өтуі тиіс болған. Түске дейін басталатын сот Балмағамбетовтың денсаулық жағдайы нашарлауына байланысты әуелі бірнеше сағатқа шегеріліп, сосын кейінге ауыстырылған.
Нұрлан Жоламановтың соты қаңтардың 26-сы күні басталған. Оған "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" және "аса ірі көлемде пара алды" деген айыптар тағылған. Жоламанов өзіне қарсы сотты "қолдан жасалған, саяси іс" деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген. Алматыдағы 2458-әскери бөлімнің бұрынғы командирі Қайрат Балмағамбетовке де "аса ірі көлемде пара алды" және "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" деген айыптар тағылған.
Нұрлан Жоламанов 2014 жылы қазанның 27-сі күні ұсталған. Ол 2013 жылдың қаңтарынан бастап ұсталған кезге дейін ҰҚК шекара қызметін басқарған.