Accessibility links

Рахат Әлиевтің Вена түрмесінде қайтыс болғаны хабарланды


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.
Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, Австрияда қамауда отырған Рахат Әлиевтің денесі абақтыда өлі күйде табылды деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Австрия сотының ақпаратына қарағанда, Рахат Әлиев "өз-өзіне қол жұмсаған".

Австриялық прокурорлар өткен жылдың желтоқсанында оған "2007 жылы екі банкирдің өліміне қатысы бар" деп айып таққан.

2007 жылы мемлекеттік қызметтен қуылғалы бері президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, Еуропа елдерінде тұрып жатқан Әлиевті Қазақстан соты бірнеше адамның өліміне қатысты айыпты деп танып, сырттай ұзақ мерзімге соттаған.

Содан бері Астана оны экстрадициялау мәселесін үнемі көтеріп келген. Австрия азаптау мәселесіне қатысты сенімсіздік танытып, Әлиевті Қазақстанға экстрадициялаудан екі мәрте бас тартқан. Ал 2011 жылы Австрия прокуратурасы бұл айыптаулар бойынша өз тексеруін бастаған.

Рахат Әлиев өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп теріске шығарып келген. Былтыр маусымның 5-і күні Әлиевтің соңғы жылдары тұрақтаған Мальтадан Венаға "өз еркімен келгені" хабарланып, ол Австрия билігінің тергеу істеріне көмектесу үшін "тексеру барысындағы қамауда" отырған.

XS
SM
MD
LG