Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бүгін Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну мен тіркеу мерзімін жариялады. Астанада өткен брифингте ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың хабарлауынша, президенттікке үміткерлерді ұсыну ақпанның 26-сы мен наурыздың 15-і аралығында өтеді. Үміткерлерді тіркеу 25 наурызда аяқталады.
Үміткерлерді тіркеу аяқталған соң, 26 наурыздан үгіт-насихат науқаны басталып, ол 26 сәуірде аяқталады.
Қуандық Тұрғанқұловтың сөзінше, бұл науқан кезінде 9900 сайлау комиссиясы жұмыс істейді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 25 ақпанда үндеу жариялап, кезектен тыс президент сайлауын өткізуді 26 сәуірге белгілеген. Оның сайлау туралы жарлығы бүгін ресми сайтында жарияланды. Президент Назарбаев сайлауға қатысу я қатыспау шешімін кейінірек хабарлайтынын айтқан.
Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастаманы ақпанның 14-інде Астанада өткен кеңесте Қазақстан халқы ассамблеясы көтерген. Ассамблея ұсынысын парламент мәжілісі мен сенаты, саяси партиялардың көпшілігі қолдағандарын мәлімдеген.