Accessibility links

Вена: Әлиевтің қанынан барбитурат табылды


Рахат Әлиев
Рахат Әлиев

Австрия прокуратурасы Вена түрмесінде "өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды" делінген Рахат Әлиевтің қанынан барбитурат (орталық жүйке жүйесіне теріс әсер ететін препарат) табылғанын растады.

Австрия прокуратурасы өкілі Нина Буссек бұл шешімді алдын-ала медициналық сараптама қорытындысы бойынша жасағандарын, ақтық шешім бірнеше күннен кейін белгілі болатынын айтады.

Прокуратураның дерегінше, "Австрияда барбитураттарды дәрі ретінде қолдануға тыйым салынғандықтан Әлиевке бұл препаратты түрме дәрігері белгілемеген".

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев 24 ақпанда Австрия түрмесінде өлі күйінде табылған.

Австриялық прокурорлар өткен жылдың желтоқсанында оған "2007 жылы қаза тапқан екі банкирдің өліміне қатысы бар" деген айып таққан.

2007 жылы мемлекеттік қызметтен қуылғалы бері президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, Еуропа елдерінде тұрып жатқан Рахат Әлиевті Қазақстан соты бірнеше адамның өліміне қатысты айыпты деп танып, сырттай ұзақ мерзімге соттаған. Содан бері Астана оны экстрадициялау мәселесін үнемі көтеріп келген. Австрия азаптау мәселесіне қатысты сенімсіздік танытып, Рахат Әлиевті Қазақстанға экстрадициялаудан екі мәрте бас тартқан. Ал 2011 жылы Австрия прокуратурасы бұл айыптаулар бойынша өз тексеруін бастаған.

Рахат Әлиев өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп теріске шығарып келген. 2014 жылы маусымның 5-і күні Әлиевтің соңғы жылдары тұрақтаған Мальтадан Венаға "өз еркімен келгені", Австрия билігінің тергеу істеріне көмектесу үшін "тексеру барысындағы қамауда" отырғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG