Ауғанстан билігі елдің оңтүстігінде арнайы операция барысында қаза тапқандар арасында Орталық Азия елдерінен шыққан содырлар барын хабарлады.
Забул уәлаяты басшылығының дерегінше, содырлар қауіпсіздік күштерінің 4 наурызда қарулы топ ұрлап әкеткен 30-ға жуық адамды босату операциясы кезінде қаза тапқан.
Ауғанстан ұлттық армиясының генералы Абдул-Хамид Хамид қаза тапқандардың 21-і "шетелдік содыр" екенін, олардың көпшілігі қырғыздар екенін хабарлады. Қаза тапты делінген қырғыздардың ішінде бір әйел бар. Тағы бір Хаммед есімді қырғыз әйел жараланып ауруханаға түскен.
Бірақ Забул уәлаятының полициясы қаза тапқан содырлардың көпшілігі және жараланған әйелді қазақ дейді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттыққа әзірше мұндай ақпарат түспегенін, Кабулдағы дипломатиялық өкілдік арқылы ақпаратты анықтайтынын хабарлаған.
Ақпанның 24-і күні Кабул мен Кандагар арасындағы жолда кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын бет-жүздерін тұмшалаған белгісіз топ тоқтатып, көлік ішіндегі 30 жуық жолаушыны кепілге алған. Оларды босату мақсатында Ауғанстан билігінің содырлармен жүргізген келіссөздері нәтижесіз аяқталған.