Accessibility links

ОСК: Қолдаушылар қолын тапсыру мерзімі қысқарды


Қазақстан президентін сайлауға түсуге үміткерлерге қолдаушылар тізімін тапсыру мерзімі бес күнге қысқарды деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясы (ОСК). Астанада өткен брифингте ОСК мүшесі Татьяна Охлопкованың айтуынша, тізім тапсыру мерзімі он күннен бес күнге дейін қысқарған.

Президенттікке кандидат болып тіркелу үшін үміткер территориялық сайлау комиссияларына 93 мыңнан астам адамның қолын тапсырып, сайлау жарнасын төлеуі тиіс. Әзірге қол қою парақшалары мемлекеттік тіл емтиханынан өткен бір ғана үміткер, "Рухани әлем қоғамы" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, Астана тұрғыны Лимана Қойшиеваға ғана берілді.

Президенттікке үміткерлерді ұсыну 15 наурызда аяқталады. ОСК президенттікке өзін-өзі ұсынған Есенбек Өктешбаев, Уәлихан Қайсар, Қанат Жұман, Асқар Сырғабаев пен Сафиолла Алдажановты "қазақ тілін еркін білмейді" деп тіркеуден бас тартқан. Өткен аптада ОСК Бақыт Әбдікәрімов пен Сухраб Мырзашевті 40-қа толмағаны үшін тіркеуден бас тартқан. Заң бойынша Қазақстан президенттігіне үміткердің жасы 40-тан кем болмауы тиіс.

Қазіргі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әзірге ОСК-ға өтініш білдірген жоқ.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірге белгіленген.

XS
SM
MD
LG