Accessibility links

Заур Дадаев: Немцовты өлтірген жоқпын


Борис Немцовты өлтірді деп айыпталған шешенстандық бұрынғы полицей Заур Дадаев Мәскеу сотында отыр. 8 наурыз 2015 жыл.
Борис Немцовты өлтірді деп айыпталған шешенстандық бұрынғы полицей Заур Дадаев Мәскеу сотында отыр. 8 наурыз 2015 жыл.

Ресейлік оппозицияшыл саясаткер Борис Немцовтің өліміне қатысы бар деп ұсталған шешенстандық бұрынғы полицей Заур Дадаев айыбын мойындауға қатысты жауап беруден бас тартты.

Мәскеудің "Лефортово" абақтысында жатқан Дадаевқа барған Қоғамдық бақылау комиссиясы мүшелеріне, оның ішінде "Московской комсомолец" газеті тілшісіне күдікті экс-полицей өзін екі күн бойы қол-аяғы кісендеулі, басына пакет кигізілген күйде ұстағанын, кінәсіздігін мәлімдеу үшін сотты екі күн бойы күткенін айтқан.

"Мен 11 жыл қылмыскерлермен күрестім, Ресей мүддесін қорғадым, әділеттік қайда?" деген Дадаев өзін қауіпсіз сезінетінін айтқан.

Құқық қорғаушылар бұған қоса тағы екі күдікті - ағайынды Анзор және Шагида Губашевтарға да кірген. Олар өздерін ұстау кезінде полицияның азаптап, ұрып-соққанын айтқан.

Кеше Ресей ішкі істер министрлігі ішкі әскер бас қолбасшысының орынбасары Игорь Груднов шешенстандық "Север" батальоны командирінің орынбасары болған Заур Дадаевтың 27 ақпанда демалысқа шығып, 28 ақпанда қызметтен босатылғанын мәлімдеген.

Немцовтың өліміне қатысты тағы екі адам - Хамзад Бахаев пен Тамерлан Эскерханов айыпталып отыр.

Кеше Мәскеу Хельсинки тобының басшысы Людмила Алексеева Немцовты өлтіруге тапсырыс берушілердің табылатынына күмән келтірген. Оның пікірінше, саясаткерді өлтіруге тапсырыс бергендер исламшылдар емес, Ресей билігімен байланысы бар адамдар болуы мүмкін.

"Тапсырыс берушінің кім екенін білу аса маңызды. Қанша шешен ұсталса да, тапсырыс берушінің аты аталғанын күтемін. Бірақ аты аталатынына күмәнім бар. Политковская, Старовойтованың өлімі сияқты Немцовтың өліміне тапсырыс берушінің аты айтылмай кетеді" деген Алексеева "Интерфакс" агенттігіне.

Борис Немцовті 27 ақпан күні түнде Мәскеудің орталығында атып кеткен.

XS
SM
MD
LG