Accessibility links

Әблязовтің әйелі күйеуін Facebook-та қорғауға кірісті


Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева.
Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева.

Оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаева Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашты. Ол "Еуропада әділ соттың болатынына сенімі жоғалғандықтан" күйеуін жария түрде қорғауға кіріскенін айтады.

"Мен Мұхтарға қатты алаңдаймын. Себебі ол Назарбаевқа қарсы тұрды. Мен Ресей, Украина және Қазақстан сияқты коррупцияға ұшыраған постсоветтік елдерде Мұхтарға не болатынын елестете алмаймын" деп жазады Алма Шалабаева Facebook-тегі парақшасында.

Шалабаева Мұхтар Әблязовпен 21 ақпанда жолыққанын айтады. Оның сөзінше, күйеуіне күзет күшейген. Бірақ Шалабаева күзеттің не үшін күшейтілгенін білмейді.

Өткен аптада Францияның кассациялық соты Лион сотының Әблязовті Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы шешімін күшінде қалдырған. Адвокаттары Әблязовте кассациялық сот шешіміне шағым беру құқығы бар дейді.

Қазақстан Франциямен азаматтарды алмасу туралы келісім жасаспаған. Әблязовті экстрадициялау туралы түпкілікті шешімді Франция үкіметі қабылдайды.

Қазақстан билігі Мұхтар Әблязовті ол Қазақстаннан кететін 2009 жылға дейін басқарған БТА Банкінен 6 миллиард АҚШ долларына жуық қаржы жымқырды деп айыптайды. Украина мен Ресей де оны "қаржылық алаяқтықтар жасады" деп айыптап, экстрадициялауды сұраған.

Францияда қамауда отырған Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар дейді.

XS
SM
MD
LG