АҚШ вице-президенті Джо Байден мен Украина президенті Петр Порошенко сенбі күні телефон арқылы Украинадағы дағдарыс жайын талқылап, Ресей мен Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерді Минск келісімін орындауға шақырған.
Украина президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Порошенко Ресейде қамауда отырған Надежда Савченконы дереу босату қажеттігі туралы мәлімдеген. Екі тарап сонымен бірге АҚШ-тың Украинаға қаржылай және әскери-техникалық ынтымақтастық аясында көмек беруі туралы да сөйлескен.
Ақ үй хабаралмасында Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) Украинаға жәрдем ақшаның алғашқы траншы есебінде бес миллиард доллар берілуіне Байден мен Порошенконың қолдау білдіргені айтылған.
ХВҚ наурыздың 13-і күні Украинаға алдағы төрт жылда 17,5 миллиард доллар жәрдем беруді мақұлдаған.