Алматы маңында болған жер сілкінісінен ешқандай ғимарат бүлінбеген деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Наурыздың 15-і Алматы уақытымен 20 сағат 1 минутта Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 28 шақырым жерде, Қазақстан аумағында 6,3 магнитудалы жер сілкінісі тіркелген. Қазақстан білім және ғылым министрлігінің сейсмологиялық әдістемелік-зертханалық орталығы жер сілкінісін МSК-64 шкаласы бойынша 4-5 балл шамасында деп хабарлаған.
Алматыда көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындар төбедегі люстралар шайқалып, шкаф сөресіндегі ыдыстар сыңғырлағанын айтқан.
Төтенше жағдайлар департаменті дүмпуден соң жедел іс-шаралар жүргізіп, зілзаладан "зақымданған ғимараттар тіркелмегенін" және "тұрғындардың өмір сүру жағдайының бұзылмағанын" анықтаған.