Татар белсендісі Абдурешит Жеппаров Симферопольден солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жердегі Белогорск қаласындағы пәтерінде отырып, қазіргі билікпен өткен кездесулер туралы баяндап берді. Ұлы мен жиенін былтыр күзде біреулер ұрлап кеткелі бері ол Қырымның қазіргі билігімен екі рет - желтоқсанда және ақпанда кездескен.
ХАБАРСЫЗ КЕТКЕНДЕР
Жеппаровтың айтуынша, әр кездесуде келіссөз жасалып, құжаттарға қол қойылған. Ол жолыққан Қырымның ресейшіл басшысы Сергей Аксенов мәселені шешуге тікелей өзі араласуға уәде берген.
Бірақ 19 жастағы ұлы Ислам Жеппаров пен 23 жастағы жиені Жевдет Ислямов хабарсыз кеткелі бері Жеппаров олардың қандай жағдайда, қайда екендерін білмейді. Ресей 2014 жылы наурыздың 18-і күні түбекті өз қарауына алғаннан бергі жыл ішінде Қырым татарларынан жоғалып кеткендер аз емес.
«Ұлым мен жиенімнің ұшты-күйлі жоғалғанына жарты жыл болады. Олардың бір хабарын біле алмай отырмыз. Аман-есен шығар, бәрі дұрыс болар деп үміттенеміз» дейді Жеппаров.
Татар белсендісі басқа да хабар-ошарсыз жоғалған азаматтарды еске алады. Қырымның Ресейге қосылуына қарсы шыққан отыздан енді асқан екі татар белсендісі – Тимур Шаймарданов пен Сейран Зинединов та осылай жоғалып кеткен. Бұл екі жігіттен 2014 жылғы мамырдың соңынан бері еш хабар жоқ.
Былтырдан бері 18 қырым татары осылай хабарсыз кеткен, олардың бірі - 39 жастағы Решат Ахметовтың өлі денесі екі аптадан соң табылған. Оны ұрлады және өлтірді деген айыппен сотталған ешкім жоқ. «Былтыр Ресей Федерациясының басты нысанына айналғанымыз анық» дейді Жеппаров.
ҚЫСЫМ МЕН ҚОРҚЫТУ
Қара теңіз түбегінің жергілікті тұрғындары - Қырым татарларын совет билігі екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында нацистермен ынтымақтас болды деп айыптап, Орталық Азияға жер аударған. Сол кезде олардың көбі қырылып, сандары азайып қалды.
Аман қалғандары 1980 жылдары Отанына орала бастады, бірақ этникалық орыстар көбейіп, түбекті мекендеп алғандықтан, жер мен мүлікке иелік ете алмады. Қырым Украинаның құрамына қосылған кезде де татарлар өз құқықтары бар автономияға ие болу үшін күресті. Қазір түбек халқының 13 пайызын құрайтын татарлар Мәскеуге қарағаннан бері жағдайымыз күрт нашарлап кетті дейді.
«Мұғалімдер мен студенттер біздің балаларымызға қарсы шығып, ақылға сыйымсыз әрекеттерге баратын болды» дейді 2014 жылы аннексияға қарсы шығып, наразылық шарасын өткізген белсенді Гүлнара Меметова. Ол татар тілі түбектегі екінші ресми тіл екеніне қарамастан, татар балаларына ана тілінде сөйлеуге тыйым салады деп шағым айтады.
«Егер олар байқаусызда әлденені татар немесе украин тілінде жазып қойса, оларды кері шақырып алып, орысшаға түзеттіреді. Бұл өте жағымсыз құбылыс. Олар тіпті кейде балаларымыздың музыкасына, мәдениетіне ықпал еткісі келеді» дейді ол.
Қырым татарлары жазушылар одағының басшысы жазушы Риза Фазыл қазіргі татар әдебиетінің Мәскеудегі этникалық қатынастар жөніндегі мемлекеттік комитетке тәуелді екенін айтады. «Ресей билігіне өткелі бері әдеби шығармаларды қаржыландыру азайды» дейді ол.
«Қуануға еш себеп жоқ. Былтыр қырым татар тілінде жазылған екі кітап ғана қаржыландырылды. Жақсы өзгерістер көріп жатқан жоқпыз. Осы жылы алты кітапты жариялауға ұсыныс берген едік, ақша жоқ деп отыр» дейді 85 жастағы Фазыл.
ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТҰЛҒАЛАР
Түбектегі қазіргі ресейшіл үкімет қырым татар тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарын қуғынға салып, ATR телеарнасына қысым жасап, QHA деп аталатын танымал татар агенттігін лицензиясынан айырған. Мәдени шараларға тыйым салып, құқық қорғау ұйымдарын жапты, ал қырым татарларының жоғары билеуші органы – Межилис референдум өткізуге қарсы шыққан соң құқығынан айрылды.
Ресей билігі Межилис төрағасы Рефат Чубаров пен Қырым татарларының лидері Мустафа Жемилов тәрізді көрнекті тұлғаларды бес жыл бойы Қырымға кіргізбеу туралы шешім шығарған. Наурыздың 17-сі күні Брюссельде сөйлеген сөзінде Жемилев түбек халқының үрей астында өмір сүріп жатқанын баяндаған. Оның айтуынша, қазіргі билік «демократиялық еркіндікке мүлдем тыйым салған».
Жемилевтің әйелі – Сафинар әлі күнге дейін Қырымда тұрады, ол ерінен бөлек өткізген, ресейліктердің қысымын көрген жылда көзі жастан арылмағанын айтады. Бірақ, соған қарамастан ол, Ресей қандай қысым жасаса да татарлар мың жылдан бергі атамекенінен кетпеуі тиіс деп санайды.
«Қырым татарларының түбекте қалуының өзі олардың күшін көрсетеді. Осында тұрғанымыздың өзі ерлікке пара-пар» дейді Жемилева.
Алсу Курмашева мен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.