Accessibility links

АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясы


Ричард Хоугландтың АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі кезіндегі суреті. Алматы, 30 наурыз 2010 жыл.
Ричард Хоугландтың АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі кезіндегі суреті. Алматы, 30 наурыз 2010 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаменті Орталық Азиядағы экономикалық және саяси жағдайды ескере отырып, аймаққа қатысты стратегиясын қайта жасады. Онда демократия және адам құқықтары мәселелеріне көбірек орын берілуі мүмкін.

Вашингтонның Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясы басты екі факторды ескере отырып әзірленген. Біріншіден, Украинадағы жанжалдың кесірінен экономикасы кері кеткен Ресеймен тығыз байланыстағы бұл аймақтың экономикалық болашағы бұлыңғыр, екіншіден, аймақтағы автократ басшылардың жасы ұлғайып барады, ал биліктің ауысу механизмдері әлі қалыптаспаған.

ЖАҢА СТРАТЕГИЯ

«АҚШ әкімшілігі жақында әзірлеген ведомствоаралық стратегияда біздің Орталық Азия халқы және үкіметтерімен өзара сенімді әріптестік тұрғыдағы іс-қимылдарымыздың бағдары қайта бекітілген» деді Азаттыққа берген сұхбатында АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы.

Орталық Азияға қатысты саясатты қайта қарау процесіне басшылық жасаған мемлекеттік департамент жаңа стратегияның жай-жапсарын жариялаудан бас тартты. Оның үстіне бұл құжаттың нақты қай кезде жарыққа шығатыны да белгісіз. Дегенмен, мамандардың айтуынша, жаңа стратегия алдағы бірер аптаның ішінде жарияланып қалуы мүмкін.

Азаттық радиосының тілшісіне сұхбат берген АҚШ конгресінің өкілі «бұл стратегия аймаққа қатысты мақсат-міндеттерді нақтылаған құжат формасында жарық көретін сияқты» деді.

Стратегия өзгерсін, өзгермесін, «АҚШ аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аймақтық және ғаламдық нарықпен интеграцияны арттыру, адам құқықтарын қорғау, демократиялық басқаруды нығайту және басқа да екі тараптың мүддесіне сай келетін екіжақты және көпжақты мәселелерді реттеуде Орталық Азия үкіметтерімен бірлесе жұмыс істей бермек» деді АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы.

Бұл бастама – Орталық Азия аймағын, соның ішінде Ауғанстанды қайтадан ғаламдық сауда-саттықтың күре жолына айналдыру жөніндегі ұзақ мерзімді стратегия.
Ричард Хоугланд

АҚШ ресми тұлғаларының жақында жасаған мәлімдемелерінен түсінікті болған жайт – Вашингтонның Орталық Азияға қатысты бұған дейінгі стратегиясы бәлендей көп өзгеріске ұшырай қоймайды.

Бұрынғы стратегиясында Америка НАТО әскері Ауғанстаннан кеткеннен кейін аймақта тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өңірлік сауда-саттықты арттыратын «Жаңа Жібек жолы» бастамасын көтерген еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мемлекеттері жөніндегі көмекшісі Ричард Хоугланд (Хоугланд АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған – ред.) наурыздың 18-і күні Вашингтонда сөйлеген сөзінде: «Бұл бастама – Орталық Азия аймағын, соның ішінде Ауғанстанды қайтадан ғаламдық сауда-саттықтың күре жолына айналдыру жөніндегі ұзақ мерзімді стратегия. Жетістіктер жоқ емес. 2009 жылдан бері Орталық Азиядағы ішкі сауда 49 пайызға артты, ал 2011 жылдан бері аймақ ішіндегі тауарлардың құны 15 пайызға арзандады» деген. Бірақ, оның айтуынша, «атқаратын шаруа жетіп-артылады».

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың бұл аймақпен сауда-саттықты арттыруды көздейтін өз «Жібек жолын» қалыптастыруға белсене кірісуі Вашингтонның Орталық Азияға қатысты стратегия қабылдауын жеделдеткен. Пекин өз «Жібек жолы» жобасын осы айда жарияламақ.

АҚШ ресми өкілдерінің айтуынша, Америка мен Қытайдың аймаққа қатысты жобалары бір-біріне қайшы келмейді, қайта бірін-бірі толықтырады.

КРЕМЛЬДІҢ ПИҒЫЛЫ

Ресей болса, аймақтағы экономикасы ең ірі, әрі мұнайға бай ел – Қазақстанды Мәскеудің қоластындағы Еуразия экономикалық одағының «қанатына алып» үлгерді. Мамыр айында Орталық Азиядағы және бір ел – Қырғызстан да осы одақтың құрамына кірмек.

Ресейдің Украинадағы жанжалға араласып, Қырым түбегін аннексиялауы Орталық Азияға қатысты стратегияны қайта қарауға тікелей әсер етпесе де, «құжат жобасын әзірлеушілер Ресейдің бұл кикілжіңдегі ролін қаперлерінде ұстағаны анық» дейді Обама әкімшілігіндегі ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей және Орталық Азия жөніндегі директор қызметін атқарған Пол Стронски.

Өзге елдің саяси және экономикалық бағытын біржақты анықтауға ешбір елдің қақысы жоқ

Ресми Вашингтон «Мәскеудің аймақ елдерін саяси тұрғыдан мәжбүрлеуге қақысы жоқ» дегенді соңғы кездері жиі айта бастады.

– Орталық Азия мемлекеттерінің Ресеймен саяси, экономикалық тұрғыда, қауіпсіздік саласында, ел мен ел арасында тығыз қатынасып отырғанын білеміз. Дегенмен өзге елдің саяси және экономикалық бағытын біржақты анықтауға ешбір елдің қақысы жоқ екенін де баса айтқымыз келеді, – деді Хоугланд.

Оның айтуынша, «Ресейдің Украинада жасап жатқаны Орталық Азия елдерін де алаңдатуы тиіс». Бұған қоса ол «оқиғаларға антиамерикалық, антиеуропалық сипат беріп, аймақта үгіт-насихат жүргізіп отыр» деп, Мәскеуді айыптаған.

АҚШ-тың Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Джон Хербст Украинадағы оқиғалар Орталық Азия елдерінің алдында тұрған үлкен бір мәселеге назар аудартты дейді. Ол – жан-жақтан қаумалаған, ниет-пиғылдары әркелкі державалармен қарым-қатынас мәселесі.

Хербст Ресей президенті Владимир Путиннің былтыр тамыздағы «қазақтардың ешқашан мемлекеттілігі болмаған», «орыс әлемінің шеңберінде қалған қазақтар үшін дұрыс болар еді» деген пікірлерін мысалға келтіреді.

«Қазақстанды «жасанды ел» деп атау арқылы іс жүзінде Путин [шекара] белгілерін алып тастады» деген Хербст Азаттыққа берген сұхбатында.

ҚАРТАЙҒАН АВТОКРАТТАР

Пол Стронски да, Джон Хербст те АҚШ пен НАТО күштері Ауғанстаннан шығарылғалы Орталық Азияда ислам экстремизмі қаупі артқаны анық дейді. Әйткенмен, АҚШ бұған дейін аймақтағы қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстап келсе, енді олар «экономика және саяси модернизация мәселелеріне көбірек көңіл бөлуі керек» деді Стронски Азаттыққа берген сұхбатында.

Мұнай бағасының құлдырауы және Батыс санкциялары кесірінен Ресейдің қаржылық қиындықтарға ұшырауы Орталық Азия елдеріне қатты әсер етті. Рубльдің арзандауы кесірінен Ресейде жұмыс істеп жүрген миллиондаған еңбек мигранттарының табысы еселеп азайды. Ал жергілікті өнім өндірушілер Ресейден ағылған арзан тауар нөпіріне қарсы күресуге мәжбүр.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қытай президенті Си Цзиньпин. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қытай президенті Си Цзиньпин. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Оның үстіне, аймақ елдерінің, әсіресе Қазақстан мен Өзбектстанның саяси болашағы бұлыңғыр дейді сарапшылар. Жастары 70-тен асқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов жақында тағы сайлау өткізіп, билікте қала беруді көздеп отыр.

– Институттарға емес, жеке тұлғаларға ғана негізделіп құрылған үкіметтер бар. Бұл ұзақ мерзім тұрғысынан алғанда үлкен проблемалар тудыруы мүмкін, әсіресе егер ел басшыларының жасы ұлғайған болса, – дейді Стронски.

Қаржылық индустрия саласының өкілдерін де осы мәселе мазалайды.

Standard & Poor’s рейтинг агенттігінің осы айдағы мәлімдемесінде: «74 жастағы Назарбаев мырзаның билікті тапсыруы мәселесі төңірегінде айқындықтың болмауы саяси бағыт бойынша орта мерзімдік болжам жасауда қиындық тудырып отыр» делінген.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов те билік тізгінін мықтап ұстаған, бұл елдерде де биліктің кімге ауысатыны белгісіз.

74 жастағы Назарбаев мырзаның билікті тапсыруы мәселесі төңірегінде айқындықтың болмауы саяси бағытта орта мерзімдік болжам жасауда қиындық тудырып отыр
Standard & Poor’s

Батыс үкіметтері мен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар Орталық Азия республикаларының барлығын «адам құқықтарын бұзды» жиі айыптайды.

Адам құқықтарын қорғаушы белсенділер террормен күрес және қауіпсіздік салаларында ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін демократия және құқық мәселелерін қозғауда екіжүзділік танытып келеді деп АҚШ-ты жиі кінәлайды. Ал Америка өкіметінің өкілдері бұл мәселелердің әрдайым көтеріліп отыратынын айтады.

АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясында бұл жайттар айқынырақ көрініс табуы ықтимал. АҚШ мемлекеттік хатшысының Орталық Азия бойынша орынбасары Дэниел Розенблам қаңтар айында «Америка дауысының» Өзбек қызметіне берген сұхбатында бұл стратегияның «саяси реформаларға» және «адам құқықтарын сақтауға» баса мән беретінін айтқан.

Карл Шректің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG