Душанбе қалалық соты тәжікстандық екі белсенді Махмадали Джобировті - үш жарым жылға, Мухаммадризо Шамзодуды үш жылға соттады. Белсенділер тыйым салынған "Group-24" ұйымы жұмысын жүргізді деп айыпталып отыр.
Өткен жылдың қазанында Тәжікстан билігі "Group-24" ұйымын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Өткен айда үш адам осы ұйыммен байланысы бар деп айыпталып, 16 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімдерге сотталған.
"Group-24" ұйымын қуғында жүрген бизнесмен Умарали Куватов құрған. Оның өзі наурыздың 5-інде Стамбулда қастандықтан қаза тапты. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның шетелде тұратын бәсекелестері Куватовқа қастандықты тәжік билігі ұйымдастырды деп санайды.