Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында арнасынан тасыған Шаған өзенінде су деңгейі төмендеп, Саржал ауылындағы су қайта бастады. Аудандық ішкі саясат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиевтің Азаттыққа айтуынша, күннің күрт жылынуынан Шаған өзені арнасынан асып, 14 сәуірде Тоқтамыс ауылына баратын көпірді және Семей-Қайнар жолындағы Семей қаласына қарасты көпірді бұзіп өткен. Қазір Тоқтамыс ауылына көлік қатынасы тоқтап тұр, көпірде тек бір адам өтерліктей ғана өткел қалған.
- Шаған өзеніне іргелес Саржал ауылында су басқан екі көше мен он шақты үй судан тазартылған. Адамдар аман, мал шығыны да жоқ. Қазір тасқын зардаптарын жою мен алдын алуға үш жүзге тарта адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылған. 14 сәуірде Абай ауданы әкімінің өкімімен Саржал ауылында үйлерді су басуына байланысты төтенше жағдай жарияланды - дейді Ұлан Сағадиев.
Қираған көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары енді басталмақ.
Соңғы тәуліктерде Қарағанды облысында бірнеше елді мекенді су басып, жүздеген тұрғын эвакуацияланған. Су тасқынына ауа температурасының күрт жылынуы себеп болған.