Accessibility links

Су басқан ауылды вице-премьер аралады


Қарағанды облысындағы су басқан ауыл. Көрнекі сурет
Қарағанды облысындағы су басқан ауыл. Көрнекі сурет

Су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин ауылына 16 сәуір күні Қазақстанның вице-премьері Бақытжан Сағынтаев бастаған комиссия келіп, зиянға ұшыраған елді мекенді аралап көрді. Вице-премьердің сапары барысында Мұстафин ауылында аудан бойынша апат құрбандарына жедел көмектесу штабы құрылды.

12 сәуір күні су тасқыны басқан осы ауданнан 4 мың адам эвакуацияланған. Олар Қарағанды мен Теміртау қаласында құрылған 9 лагерьге орналастырылған. Жергілікті билік адам шығыны жоқ деп хабарлады.

Ауданның кейбір тұрғындары бейсенбі күні мекен-жайларына қайта оралып, су бүлдірген дүние-мүліктерін түгендеп, қауіпсіз орынға алып кетіп жатыр. Мұстафин ауылын басқан тасқын қайтып, қазір екі көше ғана су астында қалған. Ауылда электр қуаты жоқ, төтенше жағдай бойынша құрылған штаб тұрғындарға ауыз су тасып беріп жатыр. Аудандағы кейбір мектептер келесі аптада қайта ашылады деп хабарланды. Жергілікті билік өкілдері Азаттыққа шығын көлемін анықтайтын комиссия әлі құрылмағанын айтты.

Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Бейсенбаев 4 мыңнан астам тұрғыны бар Мұстафин ауылындағы 900-ге тарта үйдің 700-і су астында қалғанын мәлімдеді.

Қазақстанда өткен аптаның соңынан бері Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынынан ондаған елді мекен зиян шеккен. Олардың көпшілігі - Қарағанды облысында. Тасқыннан зардап тартқандарға Қазақстанның бірнеше қаласында ерікті белсенділер мен жергілікті билік орындары көмек қорын жинап жатыр.

XS
SM
MD
LG