Өткен жылы АҚШ президенті әкімшілігінің компьютерлік жүйелерін бұзған ресейлік хакерлер президент Барак Обаманың құпия емес электрондық хаттарын оқыған деп хабарлады америкалық шенеуніктерге сілтеме жасаған New York Times басылымы.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы басылым ақпаратына түсінік беруден бас тартқан. Бірақ осы айдың басында президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісінің көмекшісі Бен Родс өткен жылы ресейлік хакерлердің президент әкімшілігінің компьютерлік жүйелерін бұзғанын, бірақ құпия хаттарға тисе алмағанын хабарлаған еді.
New York Times 25 сәуірде хакерлік шабуыл "ресми түрде жарияланғаннан анағұрлым қауіпті және алаңдатарлықтай дәрежеде" болғанын жазады.
АҚШ билігі өкілдері шабуылда құпия құжаттарға нұқсан келмегенімен, хакерлер қолына түскен құпия емес материалдарда дипломаттармен жазысқан хаттар, қызметкерлердің жұмысы мен заңнамаларға қатысты маңызды ақпараттар болуы мүмкін дейді.