Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловты қамауға алу мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Бүгін Қарағанды облыстық сотының хабарлауынша, Қарағандының Қазыбек би аудандық соты Мейрам Смағұловты қамау мерзімін сот материалдарымен танысу аяқталғанша 16 маусымға дейін ұзарту туралы өтінішті қанағаттандырған. Сот шешімі 14 мамырда шыққан.
Бұған дейін мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-әкім Мейрам Смағұловтың үстінен қылмыстық кодекстің «қызмет өкілетін теріс мақсатта пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Ал қазан айының 3-інде ол екі ай мерзімге қамалып, кейін қамау мерзімі тағы ұзартылған.
2012 жылдың қазанынан 2014 жылдың маусымына дейін Қарағанды қаласының әкімі болып істеген Мейрам Смағұлов бұл қызметінен өз өтінішімен кеткен.