Accessibility links

Алматыда борышкерлер акция өткізді


Бүгін Алматыда ипотекалық несие проблемасы бар ондаған борышкер әл-Фараби мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысынрда орналасқан "Банк ЦентрКредит" банкі алдына жиналды. Борышкерлердің бірінің мәлімдеуінше, "Банк ЦентрКредит" таяуда қабылданған мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекалық несиелерін қайта қаржыландырудан бас тартып, "тиімсіз шарттар ұсынып" отыр.

"Банк ЦентрКредиттің" жеке тұлғалар несиелерін басқару департаментінің директоры Мұрат Әбішев Азаттыққа банктің несиені қайта қаржыландыру бағдарламасын орындамай отырғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Әбішевтің сөзінше, банк тұтынушыларының өтініштерін қабылдайды және ипотеканы қайта қаржыландыруға дайын. Мұрат Әбішев қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша қазақстандық ірі он банкке 130 миллиард теңге бөлінгенін, алдын-ала есеп бойынша оның 15,6 миллиард теңгесі "Банк ЦентрКредитке" берілетінін айтты.

- Бұл бағдарлама бойынша қазір бізде екі мыңға тарта борышкер бар. Бірақ қоғамдық бірлестіктің талабы бойынша бұл бағдарламаға "мұқтаж" кезде несие алғандар да қосылды. "Банк ЦентрКредитте" мұндай займдар 15,6 миллиардтан асып кетеді, - деді Әбішев.

Сәуір айында Ұлттық банк проблемалық несиелер қорының жарғылық капиталын 130 миллиард теңгеге дейін ұлғайтқан. Қазақстан билігі бөлінген қаржы "борышкерлердің қарызын кешіруге жұмсалмайтынын", қаржы ипотекалық несиелерге қызмет көрсету шарттарын жеңілдетуге бөлінгенін мәлімдеген.

Ұлттық банктің ақпрааты бойынша, қазақстандық банктердің қарызға берілген қаржысындағы проблемалық несиелердің үлесі 30 пайыздан асып кетеді. Қазақстанда 2008 жылдан бастап ипотекалық несиесін төлей алмайтындардың қоғамдық ұйымдары қызмет етеді. Ол ұйымдар әлемдік экономикалық дағдарыс пен форс-мажорлық жағдайға сілтеп, билікті несиелерін төлей алмағаны үшін салынған айыппұлдың жойылуына немесе банк алдындағы қарыздарының кешірілуіне ықпал етуге шақырады.

XS
SM
MD
LG