Accessibility links

Діни сипатпен айыпталушы сот тілін өзгертуді сұрады


Сотталушы Сәкен Тулбаев. Алматы. 27 мамыр, 2015 жыл.
Сотталушы Сәкен Тулбаев. Алматы. 27 мамыр, 2015 жыл.

Қызметіне тыйым салынған «Таблиғи жамағат» діни ұйымы мүшесі деп болжанған айыпталушының ісіне қатысты сот процесі басталды. Ол енді тергеу амалдарын орыс тілінде қайта жүргізуді сұрайды.

Сотталушы Сәкен Тулбаев «тергеу амалдары қазақ тілінде жүргізілгендіктен, көп нәрсені түсінбедім» деп шағымданады.

Бүгін, 27 мамырда Бостандық аудандық сотында "діни алауыздықты қоздырды" және "қызметіне тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымына мүше болды" деп айыпталған 45 жастағы алматылық тұрғын Сәкен Тулбаевтың ісі бойынша сот басталды. Қазақстанда сот бұл ұйымды экстремистік әрі исламшыл ретінде танып, қызметіне тыйым салған.

Сәуір айынан бері Алматыда СИ-1 тергеу абақтысында қамауда отырған айыпталушы Тулбаевты сотқа айдауыл әкелді. Ол сотқа басына ақ тақиясы мен кең пішіліп тігілген жейдесін киіп келді.

Сәкен Тулбаев пен адвокаты Жандос Бұлхайыр сот залында сөйлесіп тұр. Алматы. 27 мамыр, 2015 жыл.
Сәкен Тулбаев пен адвокаты Жандос Бұлхайыр сот залында сөйлесіп тұр. Алматы. 27 мамыр, 2015 жыл.

- Бұған дейін екі айға жуық Сәкен Тулбаев күдікті ретінде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Ақпан айында оның пәтеріне тінту жүргізіп, діни кітаптар табылды деп мәлімделген. Тергеуші әлгі кітаптарды сараптамаға жіберген. Сарапшылар оларды экстремистік мазмұндағы әдебиет деген ұйғарым шығарған соң Тулбаевқа айып тағылып, оны Алматыдағы орталық уақытша қамау абақтысына қамаған, - дейді Сәкен Тулбаевтың адвокаты Жандос Бұлхайыр Азаттық тілшісіне.

Адвокат сотты орыс тілінде өткізуді сұрап, судьяға жазбаша өтініш берді. Адвокаттың сөзінше, сотталушы Тулбаев орыс тілінде білім алған әрі сот алды тергеу амалдары кезінде «сотталушының құқын бұзуға жол берілген және тергеуші оны қазақ тілінде тергегендіктен, іс материалдарында қателер кеткен». Осы себепті адвокат соттан полиция істі орыс тілінде қайта тексеру үшін прокуратураға қайтаруды сұрады.

Сәкен Тулбаев адвокаттың өтінішін қолдады.

- Мен орыс тілінде білім алғанмын. Әрине, тұрмыстық деңгейде қазақша сөйлей аламын. Бірақ ісіме қатысты жайттарды түсіну үшін деңгейім жетпейді. Ісіме қатысты көптеген маңызды тұстарды түсінбеймін, - дейді ол.

Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Асхат Есенов адвокаттың өтінішіне қарсылық танытты. Прокурордың айтуынша, сот алды тергеу амалдары кезінде сотталушы Тулбаев қазақ тілінде түсінік берген, мұны тергеу хаттамасының әр парағының соңына қойылған қолы растайды. Оның үстіне, тергеу кезінде сотталушы мен оның адвокаты тергеуді қазақ тілінде емес, орыс тілінде жүргізуді сұрап, жазбаша өтініш бермеген. Прокурор Есенов соттан адвокаттың өтінішін қабылдамауды сұрап, процесті аудармашының көмегімен қазақ тілінде жүргізуді ұсынды.

Сотталушының апайы Феруза Тулбаева. Алматы. 27 мамыр, 2015 жыл.
Сотталушының апайы Феруза Тулбаева. Алматы. 27 мамыр, 2015 жыл.

Сәкен Тулбаевтың әйелі Румина Фахрудинова Азаттық тілшісіне ері екеуінің мектеп жасына толмаған екі баласы барын әрі бірге отасқан 15 жыл ішінде оны «жақынына жақсылық қана ойлайтын бауырмал, парасатты адам ретінде» білетінін айтты.

Сәкен Тулбаевтың әпкесі Феруза Тулбаева биліктен ағасы екеуінің қолында 82 жастағы кәрі шешесі барын ескеруді сұрайды. Ол Азаттық тілшісіне, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі «бүкіл инстанцияға» шағым жолдағанын, бірақ әлі ешқайсысынан жауап алмағанын айтты.

Сәкен Тулбаев «діни араздықты қоздырды» деген айыпты мойындамайды әрі Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Таблиғи жамағат" діни ұйымына мүше болғанын жоққа шығарады.

Судья Арай Нұғманова келесі сот отырысын бейсенбі - 28 мамырға белгіледі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG